2015 жылғы 23 ақпан, Астана қаласы
Қазақстан Республикасының аумағында кезекшілік-диспетчерлік қызметтердің қызметін үйлестіру қағидаларын және бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметінің өкілеттіктерін бекіту туралы
«Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 70-20) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырылған:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында кезекшілік-диспетчерлік қызметтердің қызметін үйлестіру қағидаларын;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметінің өкілеттіктері бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті (В.В. Петров) заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуді;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары В.К.Божкоға жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Қ.ҚАСЫМОВ
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі
_________________ Т.Дүйсенова
2015 жылғы 5 наурыз
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі
_________________ Ә. Исекешев
2015 жылғы 6 сәуір
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы
_________________ Н.Әбіқаев
2015 жылғы 27 наурыз
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 23 ақпандағы №138 бұйрығына 1-қосымша
Қазақстан Республикасының аумағында кезекшілік-диспетчерлік
қызметтердің қызметін үйлестіру қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының аумағында кезекшілік-диспетчерлік қызметтердің қызметін үйлестіру қағидалары «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 12-бабы 1-тармағының 70-20) тармақшасына сәйкес әзірленді және төтенше жағдайлар туындаған кезде, адамдардың өміріне қауіп төнген және денсаулығына зиян келтірілген кезде және шұғыл көмек көрсету шараларын қабылдауды талап ететін өзге жағдайларда кезекшілік-диспетчерлік қызметтердің жұмысын үйлестіру тәртібін айқындайды.
2. Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметінің негізгі міндеттері халық пен ұйымдардан төтенше жағдайлар қатері немесе оның туындауы туралы, оқиғалар, қылмыстық құқық бұзушылықтар, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері жұмыс істеуінің бұзылуы туралы ақпарат бар хабарларды қабылдау, сондай-ақ келіп түскен хабарламаларды өңдеу және талдау, келіп түскен хабарламаға ден қоюға тартылатын күштер мен құралдар ауқымын және құрамын айқындау, олардың меншік түрлеріне және ведомстволық тиесілігіне қарамастан кезекшілік-диспетчерлік қызметтердің өзара іс-қимылын ұйымдастыру болып табылады.
3. Осы Ережеде мына терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) авариялық-құтқару құралымы – авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге арналған дербес немесе аттестатталған авариялық-құтқару қызметінің құрамына кіретін азаматтық қорғау күштерінің ұйымдық-құрылымдық бірлігі;
2) бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметі – төтенше жағдайдың туындау алғышарттары немесе туындауы, өрт, адамдардың өміріне төнген қатер мен денсаулығына зиян келтіру қатері туралы және өз құзыреті шегінде шұғыл қызметтердің ден қою жөніндегі іс-қимылдарын кейіннен үйлестіре отырып шұғыл көмек шараларын қолдануды қажет ететін өзге де жағдайлар туралы жеке және заңды тұлғалардан келіп түсетін хабарламаларды қабылдау және өңдеу қызметі;
3) Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi (бұдан әрi – Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган) Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының жүйесiне, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс саласында басшылық етудi, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртiптi сақтау және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюдың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуі мен одан әрі дамуын қамтамасыз ету, өрттің алдын алу мен оны сөндіруді ұйымдастыру саласындағы салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында өзара
іс-қимыл жасасатын кезекшілік-диспетчерлік қызметтер
4. Қазақстан Республикасы аумағында, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің (бұдан әрі – Комитет) аумақтық бөлінісінің жауапты аймақтарында өзара іс-қимыл жасасатын кезекшілік-диспетчерлік қызметтердің құрамына:
1) Комитеттің аумақтық бөліністерінің бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметінің бөлінісі (бұдан әрі – «112» БКДҚ);
2) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жедел басқару орталығы немесе аумақтық органының кезекшілік бөлімі;
3) жергілікті атқарушы органның жедел медициналық жәрдем ақпараттық-диспетчерлік бөлінісі;
4) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің санитариялық авиация қызметі;
5) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті аумақтық органының кезекшілік қызметі;
6) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығы;
7) әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым объектілеріндегі авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын бақылауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның кезекшілік-диспетчерлік қызметтері;
8) байланыс операторларының анықтамалық қызметі кіреді.
3. Қазақстан Республикасы аумағында кезекшілік-диспетчерлік
қызметтердің қызметін үйлестіру тәртібі
5. Төтенше жағдайлар туындаған, адамдардың өміріне қауіп және денсаулығына зиян келтірген кезде және шұғыл көмек көрсету шараларын қабылдауды талап ететін өзге жағдайларда «112» БКДҚ өзара іс-қимыл жасасатын кезекшілік-диспетчерлік қызметтердің қызметін үйлестіреді. Ол үшін «112» БКДҚ бөлінісі өзі орналасқан жерде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы байланыс инфрақұрылымымен ықпалдасады.
6. «112» БКДҚ бөліністерінің кезекшілік-диспетчерлік қызметтермен өзара іс-қимыл жасауы күнделікті қызмет және төтенше жағдайларды жою режимінде ұйымдастырылады.
Күнделікті қызмет режимінде:
1) «112» БКДҚ жедел кезекшісі кезекшілікке түскен кезде байланыс арналары мен құралдарын тексереді, өзара іс-қимыл жасасатын кезекшілік-диспетчерлік қызметтердің жедел кезекшілерінің байланыс деректерін, нөмірлерін, шақыртулары мен басқа қажетті ақпаратты көрсете отырып, қосымша байланыс құралдарының болуы туралы мәліметті нақтылайды;
2) кезекшілік кезінде өзара іс-қимыл жасасатын кезекшілік-диспетчерлік қызметтер төтенше жағдайлар, адамдардың өміріне қауіп төнген және денсаулығына зиян келтірілген және шұғыл көмек көрсету шараларын қабылдауды талап ететін өзге жағдайлар туралы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
3) төтенше жағдайлар туындаған кезде, адамдардың өміріне қауіп төнген және денсаулығына зиян келтірілген кезде және шұғыл көмек көрсету шараларын қабылдауды талап ететін өзге жағдайларда кезекшілік-диспетчерлік қызметтер тиісті шұғыл қызметтерді тарта отырып, оларға ден қою бойынша іс-шараларды ұйымдастырады;
4) өзара іс-қимыл жасасатын кезекшілік-диспетчерлік қызметтерге өздеріне төтенше жағдай туралы ақпарат келіп түскен кезде ол «112» БКДҚ жедел кезекшісіне шұғыл түрде хабарлайды;
5) кезекшілік-диспетчерлік қызметтер төтенше жағдайлар туындаған, адамдардың өміріне қауіп төнген және денсаулығына зиян келтірілген кезде және шұғыл көмек көрсету шараларын қабылдауды талап ететін өзге жағдайлармен байланысты оқиғаларға шұғыл ден қою бойынша іс-әрекеті туралы Заңның 6-бабына сәйкес «112» БКДҚ-ға хабар береді.
Төтенше жағдайды жою режимінде:
1) «112» БКДҚ жедел кезекшісі төтенше жағдайлар туралы хабарламаны алған кезде «Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 2 шілдедегі № 765 қаулысына сәйкес алынған ақпаратты сәйкестендіреді;
2) «112» БКДҚ жедел кезекшісі төтенше жағдай аймағына тиісті бейіндегі авариялық-құтқару құралымдарын (өрт сөндіру қызметі, құқық қорғау қызметі, жедел медициналық қызмет, авариялық қызмет) шұғыл түрде жібереді;
3) төтенше жағдай аймағына қосымша шұғыл ден қою құралымдарын жіберу қажет болған кезде «112» БКДҚ жедел кезекшісі өзара іс-қимыл жасасатын кезекшілік-диспетчерлік қызметтердің тиісті жедел кезекшілеріне ол туралы шұғыл түрде хабар береді;
4) өзара іс-қимыл жасасатын кезекшілік-диспетчерлік қызметтердің жедел кезекшілері төтенше жағдай аймағына қосымша шұғыл ден қою құралымдарын жіберу туралы ақпаратты алған кезде көрсетілген іс-шараларды шұғыл тәртіппен жүзеге асырады және «112» БКДҚ-ға олардың құрамы, төтенше жағдай аймағынан кету және келу уақыты туралы деректер береді;
5) өзара іс-қимыл жасасатын кезекшілік-диспетчерлік қызметтер алмасатын барлық хабарламалар, сондай-ақ зардап шеккендердің саны, оларды орналастыру орындары туралы мәліметтер нысандарын тиісті уәкілетті органдар бекітетін журналдарға тіркеледі.
7. Жеке және заңды тұлғалардан «101» (өрт сөндіру қызметі), «102» (құқық қорғау қызметі), «103» (жедел медициналық қызмет), «104» (авариялық қызмет) телефон нөмірлері арқылы келіп түскен хабарламаларды қабылдау және оларға ден қоюдың бұрын қабылданған тәртібі сақталады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 23 ақпандағы №138 бұйрығына 2-қосымша
Қазақстан Республикасының аумағындағы бірыңғай
кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметінің өкілеттіктері
Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметінің (бұдан әрі – «112» БКДҚ) Қазақстан Республикасының аумағындағы өкілеттіктеріне:
1) жеке және заңды тұлғалардан төтенше жағдайлардың, өрттердің алғышарттары немесе туындауы, адамдардың өміріне қауіп төнген және денсаулығына зиян келтірілген кезде және шұғыл көмек көрсету шараларын қабылдауды талап ететін өзге оқиғалар туралы хабарларды қабылдау және өңдеу;
2) шұғыл қызметтердің төтенше жағдайларға, өрттерге, адамдардың өміріне қауіп төнген және денсаулығына зиян келтірілген кезде және шұғыл көмек көрсету шараларын қабылдауды талап ететін өзге оқиғаларға ден қою іс-қимылдарын үйлестіру;
3) төтенше жағдайларды жою және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның шұғыл қызметтерінің, азаматтық қорғау күштері авариялық-құтқару құралымдарының іс-қимылын үйлестіру;
4) жеке және заңды тұлғаларды төтенше жағдайлардың алғышарттары немесе туындауы, халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда, сондай-ақ қалыптасқан жағдайдағы іс-қимыл жасау тәртібі туралы құлақтандыру және хабарлау жатады.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 6 мамырдағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 10972 болып енгізілді.